2021 жылдан бастап аудандық және қалалық білім бөлімдерін облыс басқарады - БҒМ
2021 жылдың қаңтардан бастап білім саласын басқару жүйесі өзгереді. Бұл туралы ведомствоның аппарат жиналысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова айтты.
«Аудандық және қалалық білім беру бөлімдерін басқару қызметі облыстық басқармаларға беріледі. Ол үшін «Бюджет» кодексіне, «Білім туралы» және «Жергілікті мемлекеттік басқару туралы» заңдарға 27 өзгеріс енгізілді. Заңға сәйкес білім бөлімдерінің мәртебесі сақталады. Бірақ, олар білім басқармаларына қарасты болады және оған есеп береді. Көп жағдайда білім сапасы оның менеджментіне, қаржыландырылуына, жұмылдырылған барлық процестердің тиімді өзара іс-қимылына байланысты. Аудандық, қалалық және облыстық білім басқармалары өзара іс-қимылының бүгінгі процесі қоғам тарапынан әділ сынға ұшырап отыр», - деді вице-министр.